homepage
Depositphotos.com

Әскери қызметшілерге төленетін төлемдер өзгерді

02.05.2026, 15:48

ҚР Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерге ақшалай үлес пен жәрдемақы төлеу қағидаларына түзетулер енгізді,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа ережелер 2026 жылдың 21 сәуірінен бастап күшіне енді.

Ведомство мәліметінше, енді ақшалай үлесті есептеу үшін «лауазымды қабылдау» және «тапсыру» күндері нақты белгіленеді.

Сондай-ақ әскери қызметтен теріс себептермен босатылғандар үшін жәрдемақы айдағы нақты жұмыс істеген күндеріне пропорционалды түрде төленеді.

Ал үлгілі қызметі мен күрделі тапсырмаларды орындағаны үшін, сондай-ақ мерекелер мен мерейтойларға (40 жастан бастап әр 5 жыл сайын) орай сыйақы беру тәртібі нақтыланды.

Материалдық көмек көлемі ұлғайды

Материалдық көмек мөлшері енді ең төменгі жалақыға (биыл — 85 000 теңге) байланысты есептеледі:

  • 425 000 теңгеге дейін (5 ЕТЖ): Жақын туыстары, жұбайы немесе қайын жұрты қайтыс болған жағдайда;

  • 255 000 теңгеге дейін (3 ЕТЖ): Некеге тұру, балалы болу, бала асырап алу, емделу қажеттілігі немесе мүлікке залал келген жағдайда беріледі.

Бұл көмектер бюджет қаражатының үнемделуі есебінен төленеді.

Министрліктің мәлімдеуінше, бұл өзгерістер әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдауды күшейтіп, төлем жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді.