2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда 711 суицид тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 пайызға көп, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Еnergyprom деректеріне сүйенсек, қайғылы оқиғалардың басым бөлігінде, яғни 575 жағдайда ер адамдар өзін қол салған. Әйелдер арасында да 136 дерек тіркеліп, көрсеткіш биыл айтарлықтай өскен. Сондай-ақ 52 кәмелетке толмаған жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсағаны анықталған.
Айта кету керек, бұған дейін екі жыл қатарынан суицид саны азайып келген еді. Сондықтан биылғы көрсеткіш мамандарды алаңдатып отыр.
Өңірлер бойынша ең көп жағдай Түркістан (77), Алматы облысы (59) және Алматы қаласында (57) тіркелген. Әсіресе Түркістан облысында көрсеткіш айқын байқалады.
Сонымен қатар Шымкентте, Қостанай, Атырау және Қызылорда облыстарында да көрсеткіш артқан.
Ал суицид жасау әрекеттері, керісінше, азайған. Яғни, көрсеткіш 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы 881 жағдайдан биыл 591-ге дейін төмендеген.
Өлім-жітім көрсеткіші
Сарапшылардың айтуынша, суицидтен болған өлім-жітім деңгейі нақты жағдайды дәлірек көрсетеді. 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 мың адамға шаққанда 6,78 болған.
Өңірлер арасында ең жоғары көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді – 14,86. Одан кейін Ақмола (14,59), Қарағанды (13,07), Қостанай (11,29) және Ұлытау (10,45) облыстары тұр.
Ал ең төмен көрсеткіш Маңғыстау (0,86), Абай облысы (1,17) және Шымкент қаласында (1,57) байқалған.
Бір қызығы, суицид саны ең көп тіркелген Түркістан облысында өлім-жітім деңгейі ел бойынша орташа көрсеткіштен төмен – 3,49.
Жас ерекшеліктері
Жас ерекшелігіне келсек, ең жоғары көрсеткіш еңбекке қабілетті 30-39 жас аралығында байқалған.
Сонымен қатар егде жастағы (80-84 жас) адамдар арасында да көрсеткіш жоғары.
Жасөспірімдер арасында да алаңдатарлық жағдай бар: 10-14 жастағылар арасында көрсеткіш 1,07 болса, 15-19 жас аралығында 2,71-ге жеткен.
Тіпті 5-9 жас аралығындағы балалар арасында да мұндай деректер тіркелген.
Мамандар бұл тек ресми статистика екенін атап өтеді. Яғни, суицид ретінде тіркелмей қалған жағдайлар да болуы мүмкін.