АҚШ Президенті Дональд Трамп 1 мамыр күні Конгреске ресми хабарлама жолдап, Иранмен арадағы әскери қақтығыстың аяқталғанын мәлімдеді. Бұл шешім президенттің Конгресс мақұлдауынсыз соғыс қимылдарын жүргізуге берілген заңды мерзімі аяқталған күні қабылданды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қақтығыстың тоқтатылуы және заңды шектеулер
Associated Press жазуынша, 2026 жылдың 28 ақпанында басталған әскери қимылдар екі айға созылды. АҚШ-тың 1973 жылы қабылданған «Әскери өкілеттіктер туралы резолюциясына» сәйкес, Президент Конгрестің рұқсатынсыз әскерді тек 60 күн ғана пайдалана алады. Трамптың Конгреске жолдаған хатында атысты тоқтату режимі сәуір айынан бері сақталып келгені айтылған.
«2026 жылдың 7 сәуірінде мен екі апталық атысты тоқтату туралы бұйрық бердім. Содан бері бұл мерзім ұзартылып келеді. 7 сәуірден бастап АҚШ қарулы күштері мен Иран арасында атыс болған жоқ. 2026 жылдың 28 ақпанында басталған соғыс қимылдары тоқтатылды», – деп жазды Трамп Палата спикері Майк Джонсон мен сенатор Чак Грасслиге жолдаған хатында.
Алайда Президент соғыс қимылдары тоқтағанымен, Иран тарапынан келетін қауіп әлі де сейілмегенін ескертті.
Ол өз хатында: «АҚШ-тың ирандық режимге қарсы операциялары сәтті өткеніне және бейбітшілікті орнату жолындағы жұмыстарға қарамастан, Иранның Америка Құрама Штаттарына және әскери күштерімізге төнетін қаупі әлі де жоғары», – деп атап өтті.
Оппозиция сыны
Трамптың осы мәлімдемесіне Демократиялық партия өкілдері шүбәмен қарап, Ақ үйдің аргументтерін «бос сөз» деп атады. Сенаттағы демократтардың лидері Чак Шумер Президенттің әрекетін заңсыз деп айыптады. Оның айтуынша, республикашылдар бұл қақтығыстың жалғасуына жол беру арқылы адам өмірін қатерге тігіп отыр.
«Бұл – заңсыз соғыс. Республикашылдардың бұған көз жұма қарауы – адам өміріне қауіп төндіретін, хаос пен бағаның өсуіне әкелетін кезекті қадам», – деп жазды Шумер әлеуметтік желідегі парақшасында.
Саяси сарапшылардың пікірінше, Трамп Конгрестен соғысты жалғастыруға ресми рұқсат сұраудың орнына, «соғыс аяқталды» деп жариялау арқылы заңды шектеулерден айналып өтпек.
Сонымен қатар ол өз хатында «Мен АҚШ Қарулы Күштеріне өзімнің конституциялық өкілеттіктерім мен бас қолбасшы ретіндегі міндеттеріме сәйкес бұйрық беруді жалғастыра беремін» деп, әскери шешімдерді дербес қабылдауға құқылы екенін тағы да шегелеп айтты.
Соғыс қимылдарының хронологиясы
Ресми мәліметтер бойынша, АҚШ-тың Иранға жасаған әскери соққылары 28 ақпанда басталған. Алайда Трамп әкімшілігі бұл туралы Конгреске тек 2 наурызда хабарлады. Заң бойынша бекітілген 60 күндік мерзім дәл осы хабарлама берілген күннен бастап есептелген.
Жұма күні Ақ үйден Флоридаға аттанып бара жатқан Дональд Трамп журналистерге Конгрестен соғысты жалғастыруға ешқандай рұқсат сұрамайтынын кесіп айтты.
«Мұндай жағдайлар бұған дейін де талай рет болған, бірақ ешкім ешқашан мұндай рұқсат алып көрген емес. Бұл талапты мүлдем конституцияға қайшы деп санайды. Біз Конгреспен әрдайым байланыстамыз, бірақ ешкім бұрын-соңды мұндай өтініш жасаған емес. Ешкім мұны сұраған да жоқ. Бұл норма ешқашан іс жүзінде қолданылмаған. Олай болса, біз неге ерекшеленуіміз керек?» – деді АҚШ Президенті.
Осылайша, Трамп әкімшілігі 1973 жылғы резолюцияның талаптарын орындаудан бас тартып, өз шешімдерін Президенттің конституциялық құқықтарымен негіздеп отыр. Бұл жағдай Ақ үй мен Конгресс арасындағы құқықтық текетіресті одан ары ушықтыруы мүмкін.