Алматыда жасөспірімдер арасындағы төбелес екі баланың өлімімен аяқталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Компьютер клубынан шыққан жанжал көше бойында пышақтасуға ұласқан. Кикілжіңге қызға талас себеп болуы мүмкін. Қайғылы жағдайға қатысы бар 10-нан аса жігіт анықталған. Пышақ сұққан екі бала қамауға алынды. Қалғаны да тергеліп жатыр. Ал марқұм болған 17 жастағы Ешім Қалдыбайдың туыстары «кінәлілер тиісті жазасын алса» дейді.
Жасөспірімдер арасындағы жанжал кеше түнде болған. Компьютер клубынан ерегісіп шыққандар достарын шақырып, әрі қарай кеткен көрінеді. Арты жаппай төбелеске ұласып, бозбалалар бір-біріне пышақ ала жүгірген. Жүрек тұсынан пышақ жарақатын алған екі бала ажал құшты. Марқұмдардың бірі — 17 жастағы Ешім Қалдыбай. Анасы Әйгерім Тәуекелова ұлынан мәңгілікке айырылғанына сене алар емес. Кеше кешқұрым 13 жастағы інісін алып, компьютер ойнауға кеткен ол, сол күйі үйіне оралмаған.
— Екеуі бірге кеткен, компьютер клубына, ортаншы ұлым да жүрген. Хабарласа алмаған. Төбелестен шошығаннан қашып кеткен. Болды, одан кейін хабар келген жоқ. Ол да хабарласпады, телефон да жоқ. Шошыған, сонымен ол іздеген. Таңертең сағат 9.00-ден аса хабар келді, қызым хабарласты. «Анашым, әкем хабарласып тұр, Қалқаманның ауруханасына тез барыңызшы, Ешка сол жақта, пышақтап тастапты» деді, – дейді марқұмның анасы Әйгерім Тәуекелова.
Ешім Қалдыбай үйінің үлкені екен. 9-сыныптан соң колледжге оқуға түскен ол, қосымша жұмыс істеген. Ұлының жуас болғанын айтып егілген анасы қаралы хабардың да кеш жеткеніне қапалы.
— Баламның жүрегіне тигізіп, одан кейін қанша жерден екенін әлі көрген жоқпын. Жүрегінде жарақат дейді, соны ғана білемін. Бірақ қансырап ауруханаға түскенде құтқара алмаған, неге хабарламаған? Неге уақтылы хабарламады? Мүмкін аман қалар ма едік? «Анашым, қанша ақша керек, Меккеге бару үшін, анашым, Меккеге жіберем» дейтін, балапаным, – дейді марқұмның анасы Әйгерім Тәуекелова.
Қанды қылмысқа қатысы бар деген күдікпен оннан аса бозбала тергеліп жатыр. Марқұмдарға пышақ сұққан екеуі қамауға алынған. Барлығы колледж студенттері екен. Көбі кәмелетке де толмаған.
— Алдын ала болжам бойынша, бір-бірін танитын екі топ арасында жанжал туындады. Одан кейін бір-біріне дене жарақатын келтіре бастады. ҚР ҚК 99-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Осы қылмысқа қатысы бар барлық тұлға ұсталды. Әрқайсының іс-әрекетіне құқықтық баға берілетін болады. Адам өліміне әкеп соққан әрекет істеген азаматтар да айқындалды. Олар қамауға алынды, – деді Алматы қалаcы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Қазір төбелестің себебі анықталып жатыр. Жігіттер қызға таласқан деген болжам бар. Қара жамылған жақындары оның өліміне кінәлілер тиісті жазасын алса дейді.