Қазақстандағы жабайы қызғалдақтар – еліміздің ұлттық байлығы. Оларды қорғау мемлекеттік бақылауда, соның ішінде табиғатты қорғау полициясы да қадағалайды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Елімізде өсетін жабайы қызғалдақтың 35 түрінің 18-і Қызыл кітапқа енгізілген. Сондықтан олардың сақталуына арнайы мемлекеттік органдар жауапты.
Полиция өкілдері жабайы өсетін қызғалдақтарды жұлу заңмен тыйым салынғанын еске салды. Бұл гүлдер Қазақстанның ұлттық символдарының қатарына жатады.
“Жабайы қызғалдақтарды жұлу, қазып алу, сату немесе жою заңбұзушылық болып саналады. Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Бұл бап сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар өсімдіктер мен жануарларға заңсыз әрекет жасауды қамтиды”, – деді Қостанай облысы Полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы бөлімінің басшысы Ибрагим Шарипбаев.
Заңға сәйкес, құқық бұзушыларға 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл – 11 миллион теңгеден асатын сома. Сонымен қатар үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы да қарастырылған.
Дереккөз: Аlau.kz