homepage
ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Тарихи сәт: Байқоңырдан алғаш рет «Сұңқар» зымыраны ұшырылды

01.05.2026, 11:14

Байқоңыр ғарыш айлағы аумағында тарихи маңызды оқиға болды. 45-ші алаңнан «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешені арқылы орта класты Союз-5/Сұңқар зымыран-тасығышының алғашқы сынақ ұшырылымы сәтті жүзеге асырылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Ұшу-конструкторлық сынақтар барысында зымыранның бірінші және екінші сатылары штаттық режимде жұмыс істеп, макет белгіленген траекторияға шығарылды. Бұл «Бәйтерек» жобасының толық пайдалануға дайын екенін көрсетті.

Сарапшылардың бағалауынша, «Бәйтерек» – Қазақстанның ғарыш саласындағы стратегиялық жобаларының бірі. Ол елдің жеке ұшыру инфрақұрылымына көшуіне жол ашып, әлемдік ғарыштық қызмет нарығындағы үлесін арттыруға мүмкіндік береді.

Жаңа кешенді іске қосу үшін 40-тан астам техникалық жүйе жұмылдырылған. Ал Прогресс зымыран-ғарыш орталығы әзірлеген «Союз-5/Сұңқар» зымыраны төмен жер орбитасына 17 тоннаға дейін жүк шығара алады. Ол қуатты қозғалтқыштармен жабдықталған және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз – керосин мен сұйық оттегін пайдаланады.

Мамандардың айтуынша, бұл ұшырылым Қазақстанның ғарыш индустриясында толыққанды ойыншыға айналып келе жатқанын дәлелдейді. Сонымен қатар жоба жаңа жұмыс орындарын ашып, ұлттық технологиялық әлеуетті арттыруға серпін береді.