Алматыда елдегі алғашқы крематорий жұмысын бастады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Нысан қалалық инфрақұрылым құрамына енгізіліп, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты «Қалалық патологоанатомиялық бюроның» балансына берілді.
Жаңа қызмет түрі тұрғындарға дәстүрлі жерлеуге балама ретінде ұсынылады. Бұл азаматтарға діни, мәдени және жеке ұстанымдарына сай таңдау жасауға мүмкіндік береді.
“Крематорий Чехияда өндірілген заманауи жабдықтармен жабдықталған. Онда көпсатылы сүзгі жүйесі бар екі кремациялық пеш орнатылған.
Арнайы технология зиянды шығарындыларды азайтып, түтін мен иістің таралуына жол бермейді”, – делінген әкімдік хабарламасында.
Бір кремация шамамен екі сағатқа созылады. Рәсім толық құжаттар негізінде жүргізіліп, мәйітті қабылдау, сәйкестендіру, кремациялау және күлді туыстарына тапсыру кезеңдерін қамтиды. Барлық процесс қатаң бақылауда болады.
Кешенде қоштасу залдары қарастырылған, сондай-ақ туыстар рәсімді арнайы бөлмеден бақылай алады. Қызметкерлер шетелде арнайы дайындықтан өткен.
Мамандардың айтуынша, крематорийдің ашылуы Қазақстанда жерлеу қызметтерін жаңғыртып, экологиялық тұрғыдан тиімді жүйені дамытуға жол ашады.