homepage
Juzmedia.kz

Қазақстанның қай өңірінде жоғары білім алу құны қымбат тұрады

30.04.2026, 16:26

Қазақстанда жоғары білім алу құны тағы да өсті,  деп хабарлайды Juzmedia.kz

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, биылғы бірінші тоқсанда жоғары білім беру қызметтерінің бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,8%-ға жоғарылаған. Бұл үрдіс соңғы бірнеше жылдан бері байқалып келеді, яғни 2022 жылдан бастап баға индексі жыл сайын орта есеппен 10%-дан 16%-ға дейін өсіп отыр.

Finprom зерттеуіне сүйенсек, оқу ақысының көтерілуіне елдегі жалпы инфляциялық қысым негізгі себеп болып отыр.

Алайда бағаның өсуі аймақтар бойынша әртүрлі. Мәселен, ең жоғары оқу ақысы Атырау (36,3%), Түркістан (19,6%) және Маңғыстау (15,4%) облыстарында тіркелген.

Ал Алматы облысында баға мүлдем өзгермеген.

Еліміздегі ең ірі студенттер орталығы саналатын Алматы қаласында оқу ақысы 9,4%-ға өскен.

Студенттер саны да көбейген

Қазіргі таңда Астана мен Алматы қалаларындағы жоғары оқу орындарында білім алу құны өңірлермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.

Алматыдағы ЖОО-ларда жылдық оқу ақысы таңдаған мамандық пен университеттің мәртебесіне қарай 500 мың теңгеден басталып, 7,6 млн теңгеге дейін жетеді.

Өңірлердегі ең жоғары баға 2,4 млн теңге шамасында болып отыр.

Бір қызығы, оқу ақысының қымбаттауы талапкерлер санына әсер етіп отырған жоқ. Керісінше, 2025-2026 оқу жылында ақылы бөлімге түскен студенттер саны өткен жылмен салыстырғанда 27,6%-ға артып, 130,8 мың адамды құраған.

Сонымен қатар қаржылық қиындықтарға байланысты оқудан шығып қалатын студенттер үлесі де (3,5%) айтарлықтай өспеген.

Бұл қазақстандық отбасылар үшін жоғары білім алудың маңыздылығы әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Білім беру нарығындағы теңсіздік 

Жоғары білім беру саласында көрсетілген қызметтердің жалпы көлемі өткен жылы 807,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаржының 40%-ға жуығын (319,1 млрд тг) студенттер өз қалтасынан төлесе, қалған бөлігі мемлекеттік бюджет пен дарынды жастарды қолдайтын кәсіпорындар есебінен жабылған.

Статистика көрсеткендей, еліміздегі білім беру бизнесінің негізгі табысы Алматы мен Астана қалаларына тиесілі.

Екі мегаполис республика бойынша көрсетілген барлық білім беру қызметтерінің 61%-ын (493,1 млрд тг) иемденіп отыр.

“Өңірлер мен ірі қалалар арасындағы бұл алшақтық тек қаржыға ғана емес, білім сапасына, оқытушылар құрамы мен халықаралық ынтымақтастық деңгейіне де байланысты”, – дейді сарапшылар.

Мәселен, Алматыдағы білім беру қызметінің көлемі 310,6 млрд теңге болса, Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш небәрі 4,3 млрд теңгені, ал Ұлытау облысында 1 млрд теңгені ғана құрайды.

Бұл өңірлердегі жоғары білім жүйесінің мегаполистерден әлі де болса айтарлықтай артта қалып отырғанын айғақтайды.