Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ президенті Дональд Трамп телефон арқылы бір жарым сағатқа созылған келіссөз өткізді. Кремль мен Ақ үй өкілдері бұл әңгіменің негізгі тұстарын жариялады, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаковтың хабарлауынша, Владимир Путин жуырдағы Пасха мерекесіндегі бітімнің жалғасы ретінде Жеңіс күні қарсаңында да оқ атуды тоқтатуға дайын екенін мәлімдеген. Трамп бұл бастаманы қолдаған.
Алайда Ақ үйдегі журналистермен кездесуде Трамп бұл идеяны өзі ұсынғанын айтты.
«Мен Путинмен ұзақ сөйлестім. Мен оған уақытша бітім жариялауды ұсындым. Ол мұны істей алады деп ойлаймын. Көп адамның өліп жатқаны – ақымақтық», – деді АҚШ президенті.
Сонымен қатар Трамп Украинадағы қақтығысты шешуге жақын екенін атап өтіп, шешімнің тез табылатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Ресей тарапы «арнайы әскери операцияның» мақсаттары кез келген жағдайда орындалатынын тағы да нақтылады.
Трамп Украина мен Иранды шатастырып алды ма?
Баспасөз мәслихаты кезінде Дональд Трамп Украинадағы соғыс туралы айта отырып, «әскери тұрғыдан олар жеңіліс тапты» деген мәлімдеме жасады. Ол өз сөзіне дәлел ретінде «159 кеме су астына кеткенін» тілге тиек етті.
Алайда сарапшылар мен CNN телеарнасы Трамптың Украинаны Иранмен шатастырып алғанын айтуда. Осыдан бір апта бұрын Трамп дәл осы «159 кеме» туралы Иранға қатысты айтқан болатын.
Украинаның Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығының жетекшісі Андрей Коваленко да Трамптың екі елді шатастырып алғанын, сондықтан бұл ақпаратты нақтылау маңызды екенін мәлімдеді.
Иранның ядролық бағдарламасы және бұрынғы бітімдер нәтижесі
Келіссөз барысында Иран мәселесі де қозғалды. Путин ирандық ядролық бағдарламаға қатысты бірқатар ұсыныс айтқан.
Трамптың айтуынша, Ресей тарапы уран байыту мәселесіне қатысуға ниет білдірген.
Бірақ Трамп Путинге: «Мен сенің уран мәселесінен бұрын Украинадағы соғысты тоқтатуға атсалысқаныңды қалаймын», – деп жауап берген.
Еске сала кетсек, бұған дейін Ресей 2026 жылдың 11-12 сәуірінде 32 сағатқа Пасха бітімін жариялаған болатын. Бірақ Украина билігі сол кеште-ақ Ресей тарапынан жүздеген ереже бұзушылықтар болғанын хабарлады.
Дәл осындай жағдай 2025 жылдың 9 мамырында да болып, тараптар бір-бірін бітімді бұзды деп айыптаған еді.