homepage
primeminister.kz

Ержан Бабақұмаровты өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

30.04.2026, 14:25

Астанада бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаровты өлтірді деп айыпталған азаматқа сот үкімі шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты айыпталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша кінәлі деп танып, 11 жылға бас бостандығынан айырды.

Сот үкімі биыл 20 ақпанда шығарылып, заңды күшіне енген.

Іс жабық режимде қаралғандықтан, сот өзге мәліметтер жарияланбайтынын хабарлады.

Қылмыстық оқиғаның мән-жайы

Ержан Бабақұмаров 2025 жылдың 30 қазанында қаза тапқан болатын.

Полиция дерегінше, оны танысы аяусыз соққыға жыққан. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың арасында жанжал туындап, артынша төбелеске ұласқан.

Алған жарақаттарының салдарынан 56 жастағы азамат көз жұмған.

Іс бойынша күдікті ретінде 37 жастағы ер адам жауапқа тартылды.

Сот процесі 2026 жылдың қаңтар айының соңында басталып, тараптардың өтінішімен жабық форматта өтті.

Мұндай шешім марқұмның кәмелетке толмаған балаларының мүддесін қорғау мақсатында қабылданған.

Күдікті кім және марқұм туралы мәлімет

Тергеу мәліметінше, сотталған азамат бұған дейін де қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

2025 жылы ол бірге тұрған әйеліне күш қолданып, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені белгілі болды.

Айта кетейік, Ержан Бабақұмаров 1969 жылы дүниеге келген, саясаттану ғылымдарының кандидаты.

Әр жылдары мемлекеттік қызметте түрлі лауазым атқарған. Атап айтқанда, Президент Әкімшілігінде, Мәдениет және ақпарат министрлігінде, Премьер-Министр кеңсесінде қызмет еткен.

Сондай-ақ Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметін басқарған. 2019-2022 жылдары Алматы қаласы әкімінің орынбасары болды.

Дереккөз: Тengrinews.kz