Алматыда болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу аяқталуға жақын. Бұл туралы Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, қылмыстық іс бойынша негізгі сараптамалардың барлығы дерлік алынған.
“Қазіргі таңда соңғы тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Жақын екі апта ішінде істің аяқталғаны ресми түрде жариялануы мүмкін”, – деді ол.
Ол сондай-ақ тергеу нәтижелері қосымша хабарланатынын айтты.
Қайғылы оқиғаның мән-жайы
Еске салсақ, жол апаты 21 наурызға қараған түні Алматының Әл-Фараби даңғылында, Мендіқұлов көшесінің қиылысында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr маркалы көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Кейін белгілі болғандай, Zeekr көлігін 32 жастағы алматылық кәсіпкер басқарған. Ол көлік саласына қатысты компаниялармен байланысы бар екені айтылды.
Қазір ол күдікті ретінде қамауға алынып, тергеу изоляторына орналастырылды.
Қандай шаралар қабылданды?
Қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. Осы оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігі бірқатар кадрлық шешім қабылдап, Алматы полиция департаменті басшылығының кейбір өкілдері қызметінен босатылды.
Сонымен қатар Бас прокуратура бұл істің ерекше бақылауда екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта тергеу аяқталуға жақын.