homepage
Juzmedia.kz

Жануарларға қатысты заң: сенаторлар даулы түзетулерді Мәжіліске қайтарды

30.04.2026, 11:26

Сенатта «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға енгізілген өзгерістер жан-жақты талқыланып, құжатты Мәжіліске қайта қарауға жіберу ұсынылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Заң жобасы Сенатқа түскеннен бері жұмыс тобының бес отырысы өтіп, 300-ден астам азаматтың өтініші қаралған. Талқылауға депутаттармен қатар мемлекеттік органдар, зооқорғаушылар және қоғам өкілдері қатысты.

Қандай ұсыныстар айтылды?

Талқылауда қаңғыбас жануарлар мәселесі негізгі тақырыпқа айналды. Өңірлерден бұл мәселе бойынша алаңдаушылық жиі түсіп жатқанын сенаторлар атап өтті.

Мемлекет басшысы да «Таза Қазақстан» акциясында бұл жағдайды адамдардың жауапсыздығымен байланыстырып, жануарларға қатыгездік үшін жауапкершілікті күшейту қажет екенін айтқан болатын.

Осыған байланысты сенаторлар бірқатар түзету ұсынды. Соның ішінде қаңғыбас жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімін әр өңірдің мәслихаттары өздері белгілеуі тиіс деген норма бар.

Сонымен қатар жануардың қаңғыбас екенін анықтауда негізгі белгі ретінде оның иесінің болуы немесе болмауы қарастырылуы керек. Себебі ел аумағында барлық үй жануарын қысқа мерзімде толық чиптеу мүмкін емес.

Эвтаназияға қатысты дау  

Заң жобасының Мәжіліс мақұлдаған нұсқасында қаңғыбас жануарларды уақытша ұстау орындарына жеткізгеннен кейін 5 күн өткен соң эвтаназия қолдану қарастырылған болатын. Бұл норма қоғамда қызу пікірталас туғызды. Жануарларды қорғаушылар мен белсенділер мұндай тәсілге қарсы шығып, оны адамгершілік қағидаттарына қайшы деп бағалады.

Осыған байланысты сенаторлар заң мәтінінен «эвтаназия» ұғымын алып тастауды ұсынды. Сонымен қатар жануарлар мәселесін шешуде кешенді әрі гуманистік тәсіл қажет екені айтылды.

Жалпы, енгізілген барлық ұсыныстар мен түзетулер жинақталып, Сенаттың профильді комитеті заң жобасын Мәжіліске қайта қарауға жіберуді ұсынды.