Соңғы уақытта «Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы аясында қаржыландыруға қатысты сұрақтар көбейген. Әсіресе «қаражат жоқ» деген алаңдаушылық жиі айтылып жатыр. Алайда мамандар бұл жағдайдың қалыпты процесс екенін және бағдарлама жоспарға сай жүзеге асып жатқанын мәлімдейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Отбасы банктің хабарлауынша, бағдарлама аясында қаржыландыру бірден емес, кезең-кезеңімен бөлінеді. Бұл – қатысушылар санының көп болуына байланысты қабылданған жүйе. Қаражат барлық өтінім берушіні қамту үшін біртіндеп үлестіріледі, ал өтінімдер кезек тәртібімен қаралады.
Соңғы деректерге сәйкес, 2026 жылдың сәуір айында бір айға жетпейтін уақыт ішінде 11,6 млрд теңге көлемінде несие беріліп, 435 отбасы баспаналы болған. Қазіргі таңда тағы 7 мыңнан астам өтінім қаралу үстінде.
Бағдарламаның тұрақты жүзеге асуы үшін қаржыландыру да алдын ала қарастырылған. «Отбасы банк» KASE арқылы әлеуметтік облигациялар шығарып, 100 млрд теңге тартқан. Сонымен қатар мамыр айында тағы 100 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат тарту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бағдарламаға өтінім қабылдау 12 мамырға дейін жалғасады. Ал мақұлдау алған азаматтарға тұрғын үй іздеуге 6 ай уақыт беріледі.
Жалпы, «Наурыз» бағдарламасы аясындағы барлық процесс жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Банк қызметкерлері азаматтарды алаңдамауға шақырып, әрбір қатысушы кезегімен қаржыландыруға қол жеткізетінін атап өтті.