homepage
t.me/BILD_Russian

Туапседегі өрт: дрон шабуылынан кейін жағдай ушығып тұр

29.04.2026, 17:55

Ресейдің Краснодар өлкесіне қарасты Туапсе қаласындағы мұнай өңдеу зауытында ірі өрт тіркеліп, оны сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Елдің құзырлы органдарының мәліметінше, өрт украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылынан кейін басталған.

Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, өртті оқшауланғанымен, толық сөндіру жұмыстары әлі жүріп жатыр.

Оқиға орнына 300-ден астам құтқарушы мен ондаған техника жұмылдырылған.

Өрт салдарынан Туапсе ауданында аймақтық деңгейдегі төтенше жағдай режимі енгізілді. Дрон бөлшектері құлағаннан кейін зауыт аумағында жанармай төгіліп, өрттің күшеюіне себеп болған.

Қара түтін басқан қала және эвакуация

Өрттен кейін зауыт маңында қою қара түтін көтерілген. Жергілікті билік зиянды заттардың ауадағы мөлшері қалыпты нормадан бірнеше есе асқанын мәлімдеді.

Сарапшылар мұндай лас ауаны ұзақ уақыт бойы жұту денсаулыққа қауіпті екенін, тіпті ауыр ауруларға ұшыратуы мүмкін екенін ескертіп, дабыл қағып жатыр.

Қауіптің күшеюіне байланысты жақын маңдағы тұрғындар эвакуацияланып, уақытша қауіпсіз орындарға орналастырылған.

Кей ауданда өрттің тұрғын үйлерге таралу қаупі болғандықтан жергілікті азаматтарды көшіру шаралары жүргізілген.

Соңғы апталарда бұл нысанда бірнеше рет осындай өрт оқиғалары тіркеліп, кейбірі бірнеше күнге дейін сөндірілмегені айтылып жатыр. Сондай-ақ тұрғындар “мұнайлы жаңбыр” құбылысын байқаған, яғни түтін араласқан жауыннан соң жерде майлы дақ қалған.

Путин қандай пікір білдірді?

Владимир Путин алдағы сайлауға байланысты қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кеңесте Украина Қарулы күштерінің Туапседегі мұнай өңдеу зауытына жасаған соққылары «ірі экологиялық салдарға әкелуі мүмкін» екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар ресми мәліметтерде қалада жағдай бақылауда екені және зардаптарды жою жұмыстары жүргізіліп жатқаны хабарланған.

Айта кетейік, Украина тарапынан соңғы айларда Ресейдің мұнай инфрақұрылымына бағытталған дрон шабуылдары жиілеген. Негізгі нысандар қатарында мұнай өңдеу зауыттары мен қоймалар бар.

Бұл шабуылдардың мақсаты – жанармай жеткізу тізбегіне әсер ету және экспорттық кірісті азайту екені айтылады.