homepage
Depositphotos.com

Қазақстандықтар қай елдерге жиі саяхаттайды және қанша ақша жұмсайды

29.04.2026, 16:50

Әдетте жазғы демалыс маусымы басталарда шетелге сапарға шығатын қазақстандықтар саны артады. Мәселен, былтыр 11,8 млн адам шетелге түрлі мақсатпен шыққан. Дегенмен олардың басым бөлігі, яғни 10,2 млн-ы шет елдерге жеке шаруамен барғанын ескерсек, нақты туристік мақсатпен шетелге шыққандар саны 417 мыңнан асқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сонымен қатар тағы 17,5 мың адам қажылыққа аттанса, 5,6 мың адам шетелге емделуге барған.

Қазақстандықтар ең жиі баратын елдер

Ranking.kz жазуынша, жалпы сапарлар саны бойынша қазақстандықтардың көбіне көрші елдерге жиі қатынайтыны айтылады. Атап айтқанда, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан бағыттары көш бастап тұр.

Бұл елдерге сапарлар көбіне туған-туысқа бару, сауда-саттық жасау немесе көршілес жақын аймақтарға жеке мақсатта шығуға байланысты екені белгілі.

  • Ресей (3,1 млн адам);
  • Өзбекстан (2,9 млн адам);
  • Қырғызстан (2,6 млн адам).

Ал туристік демалыс үшін таңдалатын бағыттар өзгеше. Бір қызығы, отандастарымыздың талғамы бір жыл ішінде өзгерген. Мысалы, 2024 жылы Түркия көш бастаса, қазір бірінші орынға Қытай шықты. Бұл Қазақстан мен аспан асты елі арасындағы турист алмасу бағдарламаларының арқасында мүмкін болып отыр. Соның нәтижесінде Қытайға барған туристер саны бір жылда 8,7%-ға артып, 137,3 мың адамға жетті.   

  • Қытай – барлық туристік сапардың 32,9%-ы (шамамен 137,3 мың адам);
  • Түркия – 29,5% (9 айда 184 мыңнан астам сапар).

Одан кейін Түркия, Мысыр, Грузия, Біріккен Араб Әмірліктері және Вьетнам сұранысқа ие бағыттар қатарында тұр.

Саяхатқа қанша қаржы жұмсалады?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы қазақстандықтардың шетелдік сапарларға жұмсаған шығыны 475 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш бір жылда 26,7%-ға өскен.

Ең көп қаражат жолдама мен әуе билеттеріне жұмсалған. Сонымен қатар қонақүйге, тамақтануға және сауда жасауға да едәуір қаржы кеткен.

Негізгі шығындар:

  • Туристік жолдамалар мен билеттер - 154,4 млрд тг;
  • Қонақүйлер мен тұру жайы - 98,1 млрд тг;
  • Тамақтану - 74 млрд тг;
  • Тауар сатып алу (шопинг) - 54,7 млрд тг;
  • Көлік (ел ішіндегі) - 34,2 млрд тг.

Арнайы банк карталарының тиімділігі

Сапарды жайлы әрі үнемді ету үшін отандық банктер арнайы «travel-карталар» ұсынады.

Мұндай карта иелеріне әуежайдағы бизнес-залдарға кіру, сақтандыру, жеңілдіктер мен кэшбэк сияқты түрлі артықшылықтар береді.

Кейбір карта арқылы сапар кезінде жұмсалатын шығындарды азайтып, қызметтерді тиімді пайдалануға болады.

Жалпы алғанда, демалысқа деген сұраныстың артуы мен шығынның көбейгені қазақстандықтардың саяхатқа қызығушылығы жоғарылап келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл үрдіс алдағы уақытта да сақталуы мүмкін.