Қазақстанда инфляция баяулағанымен, дәрі-дәрмек бағасы, керісінше, айтарлықтай өсіп отыр. Наурыз айының қорытындысы бойынша фармацевтикалық өнімдер бір жылда 15,9%-ға қымбаттаған. Бұл жалпы инфляция деңгейінен (11%) әлдеқайда жоғары әрі соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ranking зерттеуіне сүйенсек, елімізде дәрі-дәрмек бағасы азық-түлік, қызмет көрсету салалары мен өзге тауарлар көрсеткішінен біршама қымбаттап кеткен. Мәселен, наурызда азық-түлік бағасы - 11,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар - 11,3%, ал қызметтер 10% шамасында ғана өскен.
Қай өңірде айрықша қымбаттаған?
Баға өсімі өңірлер арасында да әркелкі. Ең жоғары қымбатшылық Шымкентте тіркелген, яғни өңірде дәрі-дәрмек бір жылда 25%-ға өскен.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Ақмола, Жетісу және Ақтөбе облыстарында да өсім 20%-дан асып кеткен.
Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында да баға қарқыны бәсеңдер емес.
Ал ең төменгі баға Павлодар (5,5%), Маңғыстау (7,3%) және Қостанай (8,4%) облыстарында байқалған.
Қандай дәрілердің бағасы өскен?
Жекелеген дәрілер арасында айрықша қымбаттағандары:
Бұл препараттар елдегі ең көп тұтынылатын дәрілер қатарында болғандықтан, бағаның өсуі халықтың қалтасына да тікелей әсер ететінін анық.
Баға өсімінің себебі неде?
Сарапшылар дәрі-дәрмек нарығындағы қымбатшылықты бірнеше фактормен байланыстырады. Оның ішінде импортқа тәуелділік алдыңғы орында тұр.
Сонымен қатар кей өңірлерде бәсекенің төмендігі, делдалдардың көптігі және логистикалық шығындар да бағаға әсер етіп отыр.
Айта кетерлігі, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі бағаның төмендеп жатқанын мәлімдеген еді. Алайда ресми статистика бұл мәлімдемеге қайшы келіп отыр.
Жалпы, дәрі-дәрмек бағасының өсуі халықтың қалтасына салмақ түсіріп, әлеуметтік тәуекелдерді күшейтіп отыр. Әсіресе табысы төмен азаматтар үшін бұл жағдай айтарлықтай қиындық туғызып жатыр.