Ақтөбе облысында ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсас нысанның сынықтары табылды. Оқиға Қарғалы ауданы аумағында, Әлімбет ауылының маңындағы далада болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, нысан таңғы сағат 08:30 шамасында құлаған.
Жергілікті тұрғындар қатты дыбыс естілгенін, кейін жарылысқа ұқсас жағдай болғанын айтады.
Кейбір куәгерлер оқиға сәтін видеоға түсіріп үлгерген.
Сынықтар елдімекеннен шамамен 2,5 шақырым қашықта анықталған.
Сондай-ақ ұшқышсыз аппарат құлағаннан кейін шамамен 500 шаршы метр аумақта құрғақ шөп өртенген. Өртті Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері толықтай сөндірді.
Ақтөбе облыстық полиция департаменті бұл деректі растады.
“Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция мен өзге де құзырлы қызметтер жұмыс істеп, тексеру жүргізіп жатыр. Мамандар нысанның нақты қандай аппарат екені мен оның құлау себептерін анықтауда”, – делінген ПД хабарламасында.
Ресми мәліметке сүйенсек, өңірде мұндай жағдай алғаш рет тіркеліп отыр.