Бүгін таңертең қазақ-орыс шекарасында орналасқан Орск қаласындағы ірі мұнай өңдеу зауытына дрондар шабуыл жасады. Аталған зауыт Қазақстан аумағынан бар болғаны 20 шақырым жерде орналасқан. Зауыт жылына шамамен 6,6 млн тонна мұнай өңдейді.
Осы жағдайға байланысты Орынбор облысының әкімі Евгений Солнцев өңір аумағында әуе қатынасына шектеу енгізді. Ол жергілікті халықты сақтық шараларын ұстануға шақырып, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнематериалдарда қала үстінен қою қара түтіннің көтеріліп жатқанын байқауға болады.
Егер мұнай өңдеу зауытының қызметі тоқтап қалса, Ресейде, әсіресе Қазақстанмен шекаралас аймақтарда жанармай тапшылығы туындауы мүмкін.
Айта кетейік, былтыр қазан және қараша айларында Орск қаласындағы өндірістік нысан дрондардың шабуылына бірнеше рет ұшыраған еді.