Мәжіліс жеке сот орындаушыларының жұмысын реттеуге және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіруге бағытталған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жаңа өзгерістер борышкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, жүйедегі ашықтық пен тәртіпті арттыруды көздейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Енді азаматтарды тұрғын үйінен шығару алдында кемінде 10 күн бұрын міндетті түрде ескерту енгізіледі. Бұл оларға алдын ала дайындалып, басқа баспана табуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жеделдетілген өндіріс бойынша қарызды өндіру шегі 20-дан 40 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Заң жобасында мәжбүрлеп өндіру мерзімі өтіп кеткен жағдайда барлық шараларды тоқтату, сондай-ақ өндіріс аяқталған соң салынған тыйымдарды жою нормасы да қарастырылған.
Бұдан бөлек, баламен қарым-қатынасқа қатысты істерде тараптарға бітімге келу үшін іс жүргізуді бір айға тоқтату мүмкіндігі енгізіледі.
Жеке сот орындаушыларының қызметіне бақылау күшейтіледі: міндетті аттестация енгізіліп, талаптарға сай келмегендердің лицензиясы тоқтатылады.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылған тұлғаларға көмекші немесе тағылымдамашы болуға үш жылға дейін шектеу қойылады.
Бұдан бөлек, олардың шоттары бойынша қаржы қозғалысы ашықтығы артып, әділет органдары тарапынан бақылау күшейеді.
Электронды сауда арқылы тәркіленген мүлікті сату тәртібі де жаңартылып, өндіріп алушыға мүлікті кез келген кезеңде иемдену құқығы беріледі.