homepage
polisia.kz

Саудаға салынған сәби, мәжбүрлі еңбек және порнобизнес: қылмыстық топтар ұсталды

29.04.2026, 10:28

Ішкі істер министрлігі адам саудасы мен заңсыз контентке қарсы күресті күшейтті. Сәуір айында өткен «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында ел бойынша адам саудасына қатысты 41 қылмыс тіркеліп, оның 9-ы кәмелетке толмағандарға қатысты болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz

ІІМ мәліметінше, Қызылорда облысында жаңа туған сәбиді сату дерегі анықталды. Делдал арқылы баланы 1 млн теңгеге бермек болған күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

- Қызылорда облысында жаңа туған сәбиді сату схемасы әшкереленді. Анықталғандай, 25 жастағы әйел бала туғанға дейін және туғаннан кейін мамандандырылған қоғамдық қорда тұрған. Оның баладан бас тартуына байланысты қор жетекшісі делдал ретінде әрекет етіп, сәбиді асырап алу мақсатында облыстың 50 жастағы тұрғынына бір миллион теңгеге сатуды ұсынған. Үшеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Ал Алматыда тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды пайдаланып, олардың атына қымбат көліктерді рәсімдеп сатқан қылмыстық топ әшкереленді. Қазір негізгі ұйымдастырушылар қамауға алынып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Жетісу облысында екі жасөспірімді ұрлап, бір ай бойы мәжбүрлі еңбекке жеккендер де ұсталды. Жәбірленушілерге медициналық көмек көрсетілді.

Сонымен қатар Абай облысында бірнеше қалада вебкам-студиялар ұйымдастырған ерлі-зайыптылар қолға түсті. 

- Олар өзара міндеттерді бөлісе отырып, модельдік келбеті бар жас қыздарды іздеумен және осы іске тартумен, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы түсірілімдер жүргізуге арналған орындарды ұйымдастырумен айналысқан, – делінген ІІМ хабарламасында.

Еліміздің бірқатар өңірінде жастарды азғын әрекеттерге тарту, порнография тарату және АИТВ жұқтыру деректері бойынша ондаған қылмыстық іс қозғалды.

ІІМ өкілдері мұндай құқықбұзушылықтарға қарсы жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.