Қазақстандық продюсер Баян Алагөзова белгілі актриса Меруерт Өтекешоваға өмір бойы ай сайын 1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсететінін мәлімдеді. Ол бұл туралы әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасында айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Продюсер актрисаның қазақ өнеріне қосқан үлесін ерекше атап, оны «мәңгілік Қыз Жібек» және қазақ қызының символы деп бағалады. Сонымен қатар алғыс ретінде Өтекешоваға құндыз тон сыйлап, келесі «Қазақ аруы» байқауын да актрисаға арнайтынын жеткізді.
Қамзол төңірегіндегі дау
Соңғы уақытта қоғамда Қыз Жібек фильміндегі басты кейіпкердің камзолына қатысты қызу пікірталас туындаған еді. Баян Алагөзова бұл тарихи киімнің өзінде екенін айтып, оны кезінде сақтап келген адам сыйға тартқанын жеткізді.
Оның айтуынша, құнды жәдігер қазіргі уақытта жеке коллекциясында сақтаулы. Дегенмен продюсер болашақта камзолды музейге тапсыру жоспары бар екенін де жасырмады.
Бұл мәселеге қатысты қоғам пікірі екіге бөлінді: бір тарап камзолды ұлттық мұра ретінде музейде сақтау керек десе, енді бірі оның сенімді қолға түскенін алға тартты.
Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі аталған жәдігердің жеке қолға қалай түскенін анықтау жұмыстарын жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Өнер адамдарына қолдау
Баян Алагөзова өз мәлімдемесінде өнер қайраткерлеріне қолдау көрсету мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, елге еңбегі сіңген көптеген әртістердің кейін назардан тыс қалып жатқаны жасырын емес.
Осыған байланысты продюсер меценаттарды мәдениет өкілдеріне қолдау көрсетуге шақырды. Оның бастамасы қоғамда қызу талқыланып, түрлі пікірге арқау болды.