“Қыз мұраты – бақыт”. Осындай атаумен қазақстандық автор Жамиля Бекбосынованың тырнақалды туындысы жарық көрді. Кітап “Meloman Publishing” баспасынан баспасынан шыққан кітаптың тұсаукесері Astana Book fair IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде өтті.
Жинаққа бір повесть және төрт әңгіме енген. Туындылар заманауи қазақ әйелінің ішкі жан дүниесін, рухани ізденісін, отбасы мен қоғам алдындағы рөлін психологиялық-әлеуметтік және лирикалық бағытта бейнелейді. Автор шығармаларында махаббат, жауапкершілік, аналық парыз, тұлғалық өсу және әлеуметтік қысым тақырыптарын көтереді.
Негізгі шығарма – «Қыз мұраты – бақыт» повесі. Онда жас мемлекеттік қызметкер Айнұрдың өмір жолы арқылы бақыт ұғымының мәні ашылады. Кейіпкер мансап, отбасы және жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті іздеп, түрлі сынақтардан өтеді. Шығармада бақыттың сыртқы жағдайларға емес, адамның ішкі күйіне байланысты екені көрсетіледі.
Жинақтағы өзге әңгімелер де өзекті әлеуметтік мәселелерді қамтиды. «Нүкте» әңгімесінде әйелдің еркіндікке ұмтылысы мен отбасылық зорлықтан шығу жолы баяндалса, «Көке» туындысы әке мен қыз арасындағы рухани байланысты арқау етеді. Ал «Сүт қатқан шай» әңгімесі балалық шақ пен әлеуметтік өзгерістерді суреттесе, «Көктемнің соңғы күні» шығармасында бала психологиясы мен қоғамдағы мейірім мәселесі көтеріледі.
Автордың айтуынша, жинақ қазіргі оқырманды, әсіресе қыз-келіншектерді өз-өзін тануға және өмірлік құндылықтарды қайта қарауға жетелейді.
Жамиля Бекбосынова – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, мемлекеттік қызметте 17 жыл еңбек өтілі бар, PhD дәрежесінің иегері. 4 баланың анасы.