homepage
REUTERS/Benoit Tessier

Мұнай бағасы 2%-ға өсті: АҚШ-Иран келіссөздері тығырыққа тірелді

28.04.2026, 12:23

Әлемдік нарықта мұнай бағасы шамамен 2%-ға өсті. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы қақтығысты тоқтату бойынша келіссөздердің тығырыққа тірелуі себеп болып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Reuters агенттігінің мәліметінше, Парсы шығанағындағы маңызды тасымал жолы саналатын Ормуз бұғазы әлі де толық ашылмаған. Бұл Таяу Шығыстан мұнай жеткізілімін шектеп, жаһандық нарыққа әсер етіп отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның соңғы ұсынысына көңілі толмайтынын білдірген. Ал Тегеран өз ұсынысында ядролық бағдарлама мәселесін қақтығыс тоқтағаннан кейін ғана қарастыруды ұсынған. Осыған байланысты тараптар ортақ келісімге келе алмай отыр.

Қазіргі таңда Иран Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын шектеп отыр. Әдетте бұл бағыт арқылы әлемдік мұнай мен газдың шамамен 20%-ы тасымалданады. Өз кезегінде АҚШ Иран порттарына қатысты қоршауды алмады.

Сарапшылардың айтуынша, аймақтағы тұрақсыздық мұнай бағасының өсуіне ықпал етіп отыр.

Кейбір болжамға сәйкес, баға алдағы уақытта барреліне 100-125 доллар аралығында сақталуы мүмкін.