homepage
juzmedia.kz

Ипотека беру ережесі өзгереді

28.04.2026, 10:54

Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанда ипотека беру ережесі өзгереді. Ең басты жаңалық – 20% және 25%-дық екі шекті мөлшерлеме пайда болады,  деп хабарлайды Juzmedia.kz

Krisha.kz жазуынша, банктер қарыз алушылардың табысын қатаң тексереді және жалпы қарыз жүктемесін есепке алады.

Ипотека бойынша екі мөлшерлеме

Ұлттық банк Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, банктермен ипотеканың жаңа ең жоғары мөлшерлемесін бекітті.

Олар бастапқы жарна мөлшеріне байланысты болады.

  • Бастапқы жарна 30% және одан жоғары болса, ипотеканың ең жоғары мөлшерлемесі 20%-ды құрайды.
  • Бастапқы жарна 30%-дан аз болса, мөлшерлеме 25%-ға дейін жетуі мүмкін.

1 шілдеден бастап ипотека мөлшерлемесі қарыз алушының бастапқы жарнаға қанша қаражат жинағанына байланысты болады.

  • Жарна неғұрлым көп болса, ипотека соғұрлым арзан болады.
  • Жинақ аз болса, мөлшерлеме жоғары болады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов банктермен келістік, бірақ алда әлі техникалық дайындық бар деді. Тиіс бұйрық жобасы мамырда жарияланады.

Ресми табыс болса ғана ипотека беріледі

Тағы бір маңызды өзгеріс — банктер тек расталған табысты есепке алады.

Яғни мыналарды негізге алады:

  • зейнетақы қорына аударым;
  • ресми жалақы;
  • құжатпен расталған басқа табыс.

Ипотеканы табысты растамай алу мүмкін болмайды.

Қарыз жүктемесінің жаңа коэффициенті

Қазір банк ипотеканы мақұлдағанда мына ережені қолданады: несие бойынша барлық төлем табыстың 50%-ынан аспауы керек.

Шілдеден бастап қосымша көрсеткіш — қарыздың табысқа қатысты коэффициенті қосылады.

Ол тек ай сайынғы жүктемені емес, қарыз алушының жалпы қарызын жылдық табысымен салыстырып көрсетеді.

Банктер несиенің әр түріне бөлек шектеу қояды: ипотека, автонесие және кепілсіз несие. Мұның бәрі қарыздың табысқа қатысты жалпы коэффициенті аясында жұмыс істейді.

Алдымен жалпы қарыз шектеледі, содан кейін қарыз алушы әр несие түрі бойынша қанша сома ала алатыны белгілі болады.