Абай облысына қарасты Орлов шахтасында топырақ опырылуы салдарынан бір жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
KAZ Minerals компаниясының хабарлауынша, қайғылы оқиға 27 сәуірде компанияға тиесілі «Шығыстүстімет» ЖШС-нің Орлов шахтасында болған.
“Алдын ала мәліметтерге сәйкес, тау жынысының опырылуы салдарынан бір қызметкер қаза тапты.
Тағы бір жұмысшы зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр”, – делінген хабарламада.
KAZ Minerals тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук оқиға орнына аттанды.
Компания қаза тапқан қызметкердің жақындарына көңіл айтып, оның отбасына қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Сондай-ақ зардап шеккен қызметкерге де толық көмек көрсетілетіні айтылды.
Полиция не дейді?
Абай облысының Полиция департаменті аталған фактіні растады және қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
“Оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тергеу жүргізілуде”, – делінген хабарламада.
ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.