Енді отандық университеттердің ұлттық рейтингі түзіліп, жыл сайын жарияланып отырмақ. Бұл туралы Үкімет сағатында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлім етті.
“Бірнеше жыл бұрын сапасыз университеттерді қысқарту жұмысы басталған еді. Бұл жұмысты жалғастырып жатырмыз, яғни Ақтөбеде, Шымкентте, Атырауда сапасыз білім беріп жатқан ЖОО-лардың лицензиясы жойылды. Осы жылдан бастап тиісті талаптар заңнамаға енгізілді. Биылдан ұлттық рейтинг енгізіледі, алғаш рет оны осы жылы жариялаймыз. Былтыр оны пилоттық форматта өткіздік, — деді Саясат Нұрбек депутаттар сауалына жауап бере отырып.
Министрдің сөзінше, мұндай өзгерістерге әсіресе жекеменшік университеттер үреймен қарайды. Айта өту керек, кейінгі бес жылда Қазақстанда 16 ЖОО жабылған.
“Рейтингке ілікпеген, халықаралық форматта жұмыс істемейтін, инвестиция құймайтын, зертханалар құрмайтын университеттерге қаржыландыру мүлдем тоқтатылады. Рейтинг мәліметтері ата-аналарға, талапкерлерге кеңінен таратылады”, — деді министр.