homepage

76 жастағы қазақ жиһанкезі Еуропаны жаяу аралап шықты

27.04.2026, 10:41

Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Франция елдерін жаяу аралап шыққан 76 жастағы жиһанкез Сәрсенбай Қотырашов бүгін елге оралды. Ол бұл сапарға наурыздың 3-і күні аттанған болатын, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сәрсенбай Оспанұлы Қотырашов әлеуметтік желіде UlytauMan лақап атымен танымал. Ол 2022 жылы Қазақстанның 17 облысын (8 мың км) жаяу аралап өтті. Сосын Кавказ арқылы Түркияны, сондай-ақ Алтай мен Моңғолия арқылы Қытайды жаяу аралап шыққан. Қазіргі уақытта оның жүріп өткен жалпы жолы 18 мың шақырымға жетті. Ендігі мақсаты – 40 мың шақырымнан астам қашықтықты бағындырып, 75 жастан асқан саяхатшы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ену.

Бүгін елге оралған ақсақал ұсталық кәсібіне қайта оралып, 2027 жылға жоспарланған АҚШ-ты Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейін жаяу кесіп өту сапарына дайындықты бастамақ. 

Қарт жиһанкез сапарының мақсаты жер көру, ел тану және жүрген жерлерінде көшпелі мәдениеттің дүниежүзілік өркениетке қосқан үлесін насихаттау. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының географиялық және тарихи орталығы Ұлытауды насихаттау.