Қазақстан құрамасы бокстан Бразилияда өткен Әлем кубогының бірінші кезеңінде жеті медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
27 сәуірге қараған түні Бразилияның Фос-ду-Игуасу қаласында бокстан Әлем кубогының алғашқы кезеңі аяқталды. Бұл жарысқа Қазақстаннан 16 спортшы қатысты. Соның үшеуі алтын медаль жеңіп алса, бір спортшы финалда жеңіліп күміс жүлдегер атанды, тағы үшеуі қола медальға қол жеткізді.
Алғашқы алтын медальді 60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева жеңіп алды. Ол финалда бразилиялық Ребекка Сантосқа төрешілер шешімімен басым түсті.
Екінші алтынды 85 келіге дейінгі салмақта Сұлтанбек Айбарұлы иеленді. Ол да финалда бразилиялық Кауэ Белиниді төрешілер шешімімен жеңді.
80 келіден жоғары салмақта әйелдер арасында Валерия Аксенова алтын медаль жеңіп алды. Ол венгриялық София Сзираны 5:0 есебімен айқын жеңді.
Қазақстандық әлем чемпионы Аида Әбікеева финалда жеңіліп, күміс жүлдеге ие болды. Ал тағы бір әлем чемпионы Алуа Балқыбекова (51 келіге дейін), Жібек Жарасқызы (80 келіге дейін) және Диас Молжігітов (80 келіге дейін) қола медаль еншіледі.
Жалпыкомандалық есептің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы алаң иелері – Бразилия мен Қытайдан кейін үшінші орында тұр:
Айта кетейік, Әлем кубогының кезеңдері – World Boxing ұйымы енгізген жаңа жарыс. Бұл турнир алғаш рет өткен жылы ұйымдастырылған. Бразилияға Қазақстанның ерлер құрамасы негізгі көшбасшыларынсыз қатысса, әйелдер құрамасы ең мықты спортшыларымен аттанған еді.