homepage
lada.kz

Ақтаулық кәсіпорында екі жұмысшысына күйік шалды

26.04.2026, 12:39

Ақтаудағы МАЭК кәсіпорнында екі жұмысшы тұз қышқылынан күйік алды. Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі “Лада” басылымына сілтеме жасап. 

Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментінің мәліметінше, оқиға 23 сәуірде таңғы сағат 10:30 шамасында №1 цехта болған.

Алдын ала дерекке сәйкес, екі қызметкер ГТПИ-3 негізгі конденсаторына қышқылмен шаю жұмыстарын жүргізген. Тұз қышқылы ерітіндісі арнайы сорғы арқылы шлангпен берілген.

Жұмыс аяқталып, сорғы өшірілгеннен кейін шлангты алу кезінде қышқыл ерітіндісі шашырап кеткен. Соның салдарынан ерітінді тамшылары жұмысшылардың беті мен көзіне тиген.

“Зардап шеккендерге жедел медициналық көмек көрсету үшін Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілді”, – делінген хабарламада.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, жұмыс беруші бұл оқиға туралы тиісті тәртіппен еңбек инспекциясына мәлімдеген.

Қазіргі уақытта зардап шеккендердің жарақаттарының ауырлық дәрежесіне қатысты медициналық қорытынды әзірленіп жатыр. Егер оқиға ауыр немесе топтық өндірістік жазатайым жағдай ретінде танылса, арнайы тергеу жүргізіледі.

Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.