homepage
AP

«Титаниктен» құтқарылған жолаушының жилеті 1 млн долларға сатылып кетті

26.04.2026, 10:58

1912 жылы «Титаник» кемесінің апатынан аман қалған жолаушыға тиесілі болған құтқару жилеті аукционда рекордтық бағаға сатылып кетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Associated Press жазуынша, аталған жилеті 670 мың фунт стерлингке (шамамен 906 мың доллар) бағаланып, аукционда жаңа иесін тапты.

Бұл жәдігер бірінші класта сапар шеккен Лаура Мейбл Франкателлиге тиесілі болған. Ол апат кезінде құтқару қайығына отырып аман қалған. Бір ерекшелігі, жилетке Франкателлидің өзі және сол қайықта бірге құтқарылған өзге жолаушылар қолтаңба қалдырған.

Аталған лот Henry Aldridge & Son ұйымдастырған «Титаникке» қатысты естелік заттар саудасының басты нысанына айналды.

Жәдігер белгісіз сатып алушыға телефон арқылы ұсынылған бағада сатылып, алдын ала болжанған 250-350 мың фунт стерлингтен әлдеқайда жоғары бағаға өтті.

Сондай-ақ аукционда «Титаниктің» құтқару қайықтарының бірінен алынған орындық жастығы да сатылып, 390 мың фунт стерлингке (шамамен 527 мың доллар) бағаланды. Оны АҚШ-тың Теннесси және Миссури штаттарындағы «Титаник» музейлерінің иелері сатып алған.

Көрсетілген барлық сомаға аукцион үйінің комиссиясы да енгізілген.