homepage
© AP Photo / Mark Schiefelbein

Трампқа шабуыл ма: Вашингтондағы салтанатты кеште атыс болды

26.04.2026, 09:38

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үй тілшілер қауымдастығының дәстүрлі кешкі асы кезінде шұғыл түрде эвакуацияланды. Оқиға Washington Hilton ғимаратында өткен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Куәгерлердің айтуынша, салтанатты шара барысында кенеттен оқ атылған дыбыстар естіліп, жиын бір сәтте тоқтатылған.

Associated Press жазуынша, қауіпсіздік қызметі қатысушыларға залдан шығуды немесе жасырынуды бұйырған. Көпшілік дереу үстел астына тығылып, қауіптен қорғануға тырысқан.

Осы сәтте АҚШ Құпия қызметі қарулы агенттері жүгіріп шығып, президентті қоршауға алған. Олар Трампты қауіпсіз жерге алып шығу үшін жедел әрекет еткен.

Эвакуация кезінде президент қысқа уақытқа тепе-теңдігін жоғалтқанымен, агенттер оны тез арада көтеріп, күзет шеңберінде залдан алып шыққан.

Іс-шараға қатысқан өзге қонақтар да жедел түрде эвакуацияланды.

Алдын ала мәлімет бойынша, қарулы адам бақылау-өткізу бекетін бұзып өтпек болған. Сол кезде күзет қызметкерлері оған қарсы оқ атқан.

Кейінірек Дональд Трамп өзінің Truth Social парақшасында күдіктіге қатысты фото және бейнежазбаларды жариялады. Кадрларда қолы қайырылып, жерге жатқызылған ер адам бейнеленген.

Бақылау камерасынан алынған видеода қарулы адамның күзет бекетінен өтуге әрекеттенген сәті көрсетіледі.

Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себебі мен оның әдейі жасалған әрекет екені жөнінде ресми ақпарат жарияланған жоқ. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

New York Post тілшісінің мәліметінше, атысқа байланысты ұсталған күдікті – Калифорния штатының 31 жастағы тұрғыны Коул Томас Аллан.