homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда балалар арасындағы суицид неге азаймай отыр

25.04.2026, 16:52

Мемлекеттік бағдарламалар мен психологиялық көмек орталықтарының көбейгеніне қарамастан, Қазақстанда балалар арасындағы суицид деңгейі төмендемей отыр. 2025 жылы өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші 13,7%-ға өскен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Статистика алаңдатады

Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы 199 бала суицид салдарынан көз жұмса, кәмелетке толмаған тағы 405 жасөспірім өмірін қиюға әрекеттенген.

2026 жылдың алғашқы тоқсанында да жағдай оңала қоймаған.

Бұл уақыт аралығында 52 жасөспірім өлімі, сондай-ақ 92 суицид жасауға ұмтылу тіркелді.

Отбасыдағы қысым мен буллинг

Finprom зерттеуінше, Қазақстандық қоғамдық даму институтының (ҚҚДИ) зерттеуі көрсеткендей, ересектердің басым бөлігі зорлық-зомбылықты құптамаса да, тәрбие құралы ретінде «жазалауды» әлі де ақтап алуға бейім. Психологиялық қысым, шектен тыс бақылау және баланың сезімін елемеу отбасы ішіндегі нәзік байланысты үзіп, баланы жалғыз сезінуге итермелейді.

Сауалнамаға қатысқандардың 37%-ы бала кезінде отбасы мүшелерінен физикалық немесе психологиялық зорлық көргенін айтқан. Олардың әрбір оныншысында суицид жасау туралы ой туындаған.

Статистика тағы бір таңғаларлық жайттың бетін ашқан. Яғни, өз-өзіне қол жұмсаған балалардың басым бөлігі (ұлдардың 88%-ы, қыздардың 84%-ы) толық отбасында өскен. Бұл «сырт көзге түзу» көрінетін отбасылардың ішінде балалардың жан дүниесіне үңілетін қолдау жүйесінің жоқ екенін білдірсе керек.

Трагедияның себебі неге жұмбақ болып қалады?

Құқық қорғау органдарының есебі мәселенің бетін ғана қалқи алатыны жасырын емес.

Өткен жылы тіркелген суицид деректерінің 70%-ында өлімнің нақты себебі анықталмаған. Тіпті аман қалған балалардың 35%-ында не себепті мұндай қадамға барғаны жөнінде нақты қорытынды жоқ. Бұл тергеу амалдары мен мектеп психологтары жұмысының олқылығын көрсетеді.

Анықталған себептердің ішінде мына жайттар жиі кездеседі:

  • Отбасындағы жанжал себебінен 13 өлім және 126 әрекет тіркелген;
  • Тұрмыстық тауқымет, яғни материалдық төмен жағдай мен баспана мәселесі себеп болып жатады;
  • Буллинг пен жалғыздық та басты себептердің бірі, яғни қорқыныш, жазаланудан үрейлену, ата-анасының ажырасуы мен шеттетілу сезімі де бала психологиясына ерекше әсер етеді.

Өзіне қол жұмсауға жеткізу бойынша қанша дерек тіркелді?

Айрықша назар аударатын жайт – «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабы. 2025 жылы 32 баланың өлімі өзгелердің қасақана қысымынан болғаны дәлелденген.

Алайда жалпы суицид есебінде буллинг пен психологиялық зорлық-зомбылық санаулы ғана жағдайда көрсетілген. Демек, нақты қылмыстық әрекеттердің көбі «себебі белгісіз» деген санатқа жатқызылып кетеді.

2024 жылдың маусымынан бастап «Кәмелетке толмағанды қорлау (буллинг)» үшін жауапкершілік күшейтілді.

Өткен жылы 438 әкімшілік іс қозғалғанымен, жазаланғандардың 71%-ы тек ескертумен құтылған.

Тәртіп пен жазаның жұмсақтығы балалардың қауіпсіздігіне әлі де кепіл бола алмай отыр.