homepage
Фото ашық дереккөзден

Қаңғыбас иттерге қамқорлықпен қарау қоғам арасына сына қақпауға тиіс - Президент

25.04.2026, 15:36

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасын дамыту аясында жануарларға қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға тоқталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

– Үй жануарларының адамдардан қорлық көруіне жол бермеу керек. Үкімет үй жануарларын дұрыс күтіп-баптамағандарға берілетін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатып, ал оларға қатыгездік көрсеткендерге кесілетін қылмыстық жазаны күшейтуі керек. Негізі, қаңғыбас иттер проблемасына азаматтардың немқұрайлылығы себеп: яғни олар бастапқыда жануарларға ықыласы ауып асырағанымен, кейіннен көңілдері қалып, керексіз заттай көшеге тастап кетіп жатады. Мұндай келеңсіздіктердің алдын алу қажет. Сондай-ақ ешқандай «хайпқа» жол бермей, мамандандырылған жануарлар орталықтарының қызметіне қоғамдық бақылау қойған жөн. Бұл іске сіздер де үлес қосасыздар деп ойлаймын.

Жалпы, қаңғыбас иттерге қамқорлықпен қарау қоғамның арасына сына қақпауға тиіс. Өңірлерден алған ақпаратқа сәйкес, балалар, тіпті, ересектер жабайы иттерден жиі зардап шегуде. Басты мәселе – осы. Сондықтан бұл проблемаға мемлекет пен жұртшылықтың, нақты айтқанда, заң шығару тұрғысынан Парламенттің араласпасына болмайды. Бірақ біз қорғансыз жануарларды жәбірлеген фактілерге де бей-жай қарамауымыз керек, атап айтқанда, үй жануарларын азаптағандарды қылмыстық жауапкершілікке тартқан дұрыс. Осындай тәсілдер қоршаған ортаға озық әрі жауапты көзқарас қалыптастырады деп ойлаймын. Бұл да «Таза Қазақстан» аясында атқарылуға тиіс істің бірі, – деді Президент.

Депутат көтерген мәселе

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бұралқы иттер мәселесін шешу үшін олардың санын қатаң реттеу, тіпті көзін жою қажеттігі туралы мәлімдеме жасаған болатын. Бұл пікір қоғамда қызу талқыға түсіп, жұртшылықты екіге бөлді.

Бір тарап қауіпсіздік мәселесін алға тартып, қаңғыбас иттердің адамдарға, әсіресе балаларға қауіп төндіріп отырғанын айтса, екінші тарап жануарларға қатыгездікке жол беруге болмайтынын, мәселені өркениетті жолмен – панажайлар, стерилизация және жауапты иелік мәдениеті арқылы шешу қажет екенін көтерді.

Осылайша, бұралқы жануарлар мәселесі тек тұрмыстық емес, әлеуметтік және этикалық тұрғыдан да өзекті тақырыпқа айналып отыр.