homepage
Depositphotos.com

Қазақстанда несие алу қиындай ма: жаңа талаптар күшіне енеді

25.04.2026, 14:19

Қазақстанда 2026 жылдың екінші жартысынан бастап несие беру талаптары қатаңдай түседі. Сарапшылар бұл өзгерістерге алдын ала дайындалу маңызды екенін айтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі Іnbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Жаңа ережелерге сәйкес, қазір қолданылып жүрген қарыз жүктемесі коэффициентімен қатар, қарыздың жылдық табысқа қатынасы енгізіледі. Яғни, банктер енді тек айлық табысты емес, жалпы жылдық табыс пен қарыз көлемінің арақатынасын да есепке алады.

Сонымен бірге, ресми расталған табысқа басымдық беріледі – зейнетақы аударымдары мен әлеуметтік төлемдер арқылы дәлелденген кіріс маңызды болмақ.

Мамандардың айтуынша, бұл өзгерістердің негізгі мақсаты – халықтың шамадан тыс қарызға батып кетуінің алдын алу. Соған байланысты несие алу қиындай түсуі мүмкін, әсіресе тұрақсыз немесе бейресми табысы бар азаматтар үшін.

Соңғы жылдары елде несие беру қарқыны жоғары болды: мысалы, 2023 жылы көрсеткіш 41%-ға дейін жетсе, кейінгі кезеңде баяулай бастаған. Соған қарамастан, халықтың банктер алдындағы қарызы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр.

Қазірдің өзінде бірқатар шектеу енгізілген. Мәселен, мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға қойылатын талаптар күшейтілді, ал кепілсіз несиелердің ең жоғары сомасына шектеу қойылды.

Сонымен қатар бөліп төлеу мен BNPL қызметтері де бақылауға алынып жатыр.

Сарапшылар несие алуды жоспарлаған азаматтарға бірнеше маңызды кеңес береді.

Ең алдымен, қолданыстағы шағын қарыздарды жауып, несие жүктемесін азайту қажет.

Уақытылы төлем жасап, несие тарихын жақсарту да шешуші рөл атқарады.

Бұдан бөлек, ресми табысты көрсету және, әсіресе ипотека үшін бастапқы жарна жинау мүмкіндігін арттырады.

Жалпы, алдағы кезеңде банктердің тәуекелді бағалау тәсілі қатаңдай түседі. Сондықтан қаржылық жағдайды ретке келтіріп, ашық әрі тұрақты табыс көзін қалыптастыру несие алудың басты шартына айналмақ.