Сарапшылардың айтуынша, Иран төңірегіндегі әскери шиеленістің салдары жаһандық нарықтағы бағаларға ұзақ уақыт бойы ықпал етуі мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
BILD басылымының жазуынша, қазір Ормуз бұғазы үшін күрес жалғасуда. АҚШ әскери-теңіз күштері Иран порттарын бұғаттаса, Иран Парсы шығанағынан мұнай экспорттауға тырысқан танкерлерді тоқтатып, кей жағдайда шабуыл жасап, басып алып жатыр.
Сонымен қатар Дональд Трамп бұғазда мина орнатқан кемелерді жоятынын айтып қорқытқан. Ал америкалық күштер теңізді минадан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Сарапшылар мұндай жағдай жаһандық энергетикалық дағдарысты ушықтыруы мүмкін екенін ескертеді.
АҚШ Қорғаныс министрлігінің дерегінше, бұғазды минадан толық тазарту жұмысы бірнеше айға созылуы ықтимал. Қазірдің өзінде Таяу Шығыстан мұнай экспорты шамамен 600 млн баррельге қысқарған.
Жанармай бағасының өсуі мен тапшылық әуе тасымалына да әсер етіп отыр. Lufthansa бірқатар рейсін тоқтатуға мәжбүр болған.
Америкалық сарапшы Джонатан Шроденнің айтуынша, мұнай нарығындағы соққы өте үлкен және оның салдары жақын арада жойылмайды.
“Тіпті бұғаз қайта ашылған күннің өзінде, өндірістегі үзілістердің әсері бірнеше ай бойы сезілуі мүмкін”, – дейді Джонатан Шроден.
Ол Ормуз бұғазы арқылы тыңайтқыш экспортының тоқтауы секілді тағы бір маңызды қауіпке назар аударады. Бұл жағдай 2027 жылға қарай кей елде өнім көлемінің төмендеуіне әкеп соғуы мүмкін.
Осылайша, жанармай бағасының өсуі азық-түлік бағасының қымбаттауына ұласуы ықтимал.