homepage
Видеодан кадр

Ақтөбеде белгісіз әйел кішкентай қызды ұрлап кетпек болған

25.04.2026, 11:54

Ақтөбеде талтүсте кішкентай қызды белгісіз әйел алдап алып кетпек болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл жөнінде жергілікті тұрғындар хабарлаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Оқиға Есет батыр ауданындағы (бұрынғы Нұр-Сити) 2-шағынауданда болған.

Куәгерлердің айтуынша, аулада ойнап жүрген қызды бейтаныс адам қасына шақырып, «жүзік беремін» деп алдап, өзімен бірге алып кетуге тырысқан. Сондай-ақ баладан сырғасы бар-жоғын сұраған.

“Бала бастапқыда барудан бас тартқанымен, күдікті оны үгіттеп ертіп алған. Алайда ыңғайлы сәтті пайдаланған қыз бала қашып кетіп, жақын маңдағы дүкенге тығылған”, – деп жазады Diapazon басылымы.

Оқиға дүкендердің біріндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Тұрғындар бұл жағдай туралы бірден полицияға хабар берген. Сонымен қатар олар ауладағы бейнекамералардың жұмыс істемейтінін айтып, балалар қауіпсіздігі үшін оларды жөндеу қажеттігін көтерген.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру басталғанын хабарлады. Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктінің жеке басы анықталып, ол полиция бөліміне жеткізілген.

“Қазір қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тексеру нәтижесінде заң аясында тиісті шешім қабылданады”, – делінген полиция хабарламасында.