Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бопсалау фактісі бойынша айыпталған азаматқа қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу дерегінше, айыпталушы 2025 жылдың қазан айында әлеуметтік желіде қала әкімдігінің беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялаған.
Кейін ол әкімдік өкілімен кездесіп, 10 млн теңгеге мемлекеттік ақпараттық тапсырыс бойынша келісімшарт жасауды талап еткен. Келіспеген жағдайда жағымсыз мәліметтерді жариялайтынын айтып қорқытқан.
2025 жылғы 6 қарашада күдікті талап еткен соманың бір бөлігін, яғни 990 мың теңгені анасының банк шотына аударту арқылы алған.
Сотта айыпталушының кінәсі толық дәлелденді. Прокурор мен жәбірленуші тарап бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындап, жеңіл жаза тағайындауды өтінген.
Сот үкім шығарғанда оның шын өкінуі, келтірілген шығынды өтеуі және асырауында кәмелетке толмаған бес баласының болуы жеңілдетуші мән-жай ретінде ескерілді.
“Сот оны 5 жылға бас бостандығынан айыруға, сондай-ақ 5 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдары саласында қызметпен айналысу құқығынан айыруға үкім етті”, – делінген қалалық сот хабарламасында.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.