homepage
Depositphotos.com

Meta 8 мың қызметкерін қысқартпақ

24.04.2026, 16:49

Facebook пен Instagram иесі саналатын Meta компаниясы шамамен 8 мың қызметкерін қысқартатынын және 6 мыңға жуық бос жұмыс орнын жабатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Variety басылымының жазуынша, қысқарту 20 мамырдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асады.

Компания бұл шешімді бизнес құрылымын өзгертіп, негізгі назарды жасанды интеллект технологияларын дамытуға аудару мақсатыyында қабылдап отыр.

Meta-ның HR бөлімінің басшысы Жанель Гейлдің айтуынша, бұл шаралар компания тиімділігін арттырып, инвестицияны стратегиялық бағыттарға қайта бөлуге мүмкіндік береді.

Осылайша, Meta алдағы жылдары капиталдық шығындарын айтарлықтай арттырмақ. Яғни, 2026 жылы инвестиция көлемі 115–135 млрд доллар болуы мүмкін. Бұл 2025 жылғы 72,2 млрд доллардан едәуір жоғары көрсеткіш.

Қаражат негізінен Meta Superintelligence Labs сияқты жасанды интеллект жобаларын дамытуға бағытталады.

Айта кетсек, 2025 жылдың төртінші тоқсанында компанияның табысы 59,89 млрд доллар (+24%), ал таза пайдасы 22,77 млрд доллар (+9%) болды.

Сондай-ақ 2026 жылдың бірінші тоқсанында кіріс 53,5-56,5 млрд доллар аралығында болады деп болжанып отыр.

Соңғы жылдардағы ең ірі қысқарту

Тағы бір айта кетерлігі, компания 2023 жылы шамамен 21 мың қызметкерді, ал 2025 жылы тағы 4 мың қызметкерді қысқартқан болатын.