homepage
Видеодан кадр

Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие берілмек

24.04.2026, 16:12

Қазақстанда микро және шағын бизнесті дамытуға арналған «Іскер аймақ» жаңа бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz

Жоба кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік беріп, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы қолдау көрсетуді көздейді. 

2029 жылға дейін бағдарлама аясында жалпы сомасы 1,2 трлн теңгеге жуық 15 мыңға дейін бизнес-жобаны қолдау жоспарланып отыр.

“Бір жобаға берілетін қаржыландырудың ең жоғары көлемі 200 млн теңгеге дейін. Қаражатты инвестициялық мақсаттарға және айналым қаражатын толықтыруға бағыттауға болады", – делінген Ұлттық экономика министрлігінің хабарламасында. 

Қазіргі таңда алғашқы жобалар мақұлданып, кәсіпкерлер үшін пайыздық мөлшерлеме 22%-дан 13,2%-ға дейін төмендетілген.

Басым бағыт – өңірлер мен ауыл кәсіпкерлігі

Бағдарлама негізінен ауылдық елдімекендер мен шағын қалаларды дамытуға бағытталған. Басым салалар қатарында:

  • өңдеу өнеркәсібі;
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу;
  • азық-түлік өндірісі;
  • құрылыс материалдары мен жиһаз өндірісі;
  • қолөнер бар.

Қаражаттың 30%-ы Абай, Ұлытау, Жетісу, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына, ал қалған 70%-ы басқа өңірлерге (Астана мен Алматыдан бөлек) бөлінеді.

Бағдарламаға қазірдің өзінде бірнеше банк пен лизингтік компания қосылған. Сонымен қатар кәсіпкерлерге оқыту, кеңес беру және жеңілдетілген жалға алу сияқты қосымша қолдау шаралары да қарастырылған.