Қазақстанда банктер бірыңғай банкаралық QR-код арқылы төлем жасау жүйесін іске қосуға дайындықты жалғастырып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жүйе қашан іске қосылады?
Қазіргі уақытта негізгі назар техникалық мәселелерді шешуге, әсіресе деректер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударылған. Себебі жүйе арқылы түрлі банк арасында төлемдер жасалып, жеке деректер алмасады.
«Бұл – күрделі цифрлық және криптографиялық жүйе. Ең бастысы, төлемдердің толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондықтан бұл процесті асықтырмай, сапалы іске асыру маңызды», – деді Ұлттық банк басшысы.
Алдын ала жоспар бойынша, жүйені интеграциялау жұмыстары маусым айында аяқталып, шілдеден бастап толық іске қосылуы мүмкін.
Бірыңғай QR не береді?
Жаңа жүйе іске қосылса, кез келген банктің клиенті басқа банктің QR-коды арқылы оңай төлем жасай алады. Бұл қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды жеңілдетіп, төлем жүйесін біріздендіреді.
Айта кетейік, пилоттық жоба 2024 жылы екі банктің қатысуымен басталған. 2025 жылдың соңына қарай жүйеге алты банк қосылды. Қазір барлық екінші деңгейлі банктермен келісімдер жасалған.
Сонымен қатар бұған дейін Мемлекет басшысы ірі банктердің QR-төлемдер мен цифрлық теңгені енгізу қарқынын баяулатып отырғанын сынға алған болатын.