Атырау облысының прокуратурасы Жангелдин ауылында бір отбасының қаза болуына қатысты істің жаңа мән-жайларын мәлім етті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
“Ақ Жайық” басылымының жазуынша, отбасы мүшелеріне жасалған қылмыс бір мезгілде емес, әртүрлі уақытта болған. Атап айтқанда, Наурыза Мұқанғалиева мамыр айында өлтірілсе, қалған үш адам қараша айында қаза тапқан. Прокуратура мәліметінше, қылмысты күдікті жалғыз өзі жасаған.
Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев есі дұрыс деп танылып, өз әрекетіне жауап бере алады. Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, марқұмдардың денесінде асүй пышағымен салынған көптеген жарақат анықталған.
«Әрқайсында алтыдан көп жарақат бар. Жарақаттар кеуде, мойын және өмірлік маңызды мүшелер тұсына салынған», – деді ол.
Ал күдіктінің бұрынғы жұбайы, марқұмдардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты нақты қорытынды әлі шықпаған. Оның психикалық жағдайына байланысты Алматыда қайта сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Марқұмдардың туыстары істің ашық сотта қаралуын талап етіп отыр. Олардың айтуынша, барлық жағдай сот барысында толық жария етілуі тиіс. Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық іс мамыр айында сотқа жолдануы мүмкін. Тергеу жалғасып жатыр.
Айта кетейік, биыл қаңтар айында Атырау облысында төрт адамнан тұратын отбасының жоғалғаны туралы хабар тараған еді. Кейін олардың мәйіттері табылып, бұл іске бұрынғы күйеу бала Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде танылған.
Ішкі істер органдары қылмысқа тұрмыстық жанжалдар себеп болуы мүмкін екенін хабарлаған.