Алматы қаласында автобус аялдамасында жалғыз тұрған қарияға себепсіз тап беріп, оны аяусыз соққыға жыққан ер адамның видеосы әлеуметтік желіні дүр сілкіндірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайы
Threads желісінде зардап шеккен әйелдің қызы жариялаған видеодан жаға ұстатарлық оқиғаны көруге болады.
23 сәуірде «Алматы» шипажайы көшесіндегі аялдамада 66 жастағы зейнеткер мен бейтаныс ер адам екеуі ғана тұрған. Кенеттен жас жігіт қарияға тап беріп, оның басы мен денесінен аяусыз тепкілеп, жұдырықтай жөнеледі. Зейнеткер жерге құлап, дәрменсіз күйге түссе де, қаскөй ұрып-тепкілеуін тоқтатпаған.
Зардап шеккен әйелдің қызының айтуынша, қазіргі уақытта анасы ауыр халде ауруханада жатыр.
«Мен бұл видеоны қаралым үшін емес, осындай адамның жазасыз қалмауы үшін жарияладым», – деп жазды бойжеткен.
Полиция мәлімдемесі
Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің тұлғасы анықталып, ол ұсталды.
Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда Бостандық аудандық полиция басқармасы оқиғаның толық мән-жайын анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Егер бұл әрекет «Бұзақылық» ретінде бағаланса, күдікті тағы да 2 жылға ғана сотталуы мүмкін.
Күдіктінің бұрын адам өлтіргені айтылды
Әлеуметтік желілерде күдіктінің 25 жастағы Илья Терёнов екені туралы ақпарат тарады.
Белгілі болғандай, ол бұған дейін адам өліміне әкелген және денсаулыққа ауыр зиян келтіру ісі бойынша сотталған болып шықты.
2020 жылы болған оқиғада ол өз үйіне басып кірген адамдарға қарсы пышақ қолданған. Соның салдарынан біреуі көз жұмып, екіншісі ауыр жарақат алған. Бастапқыда «Адам өлтіру» бабымен 15 жылға дейін сотталуы мүмкін болған ер адамның ісі кейіннен «Қорғану шегінен шығу» бабына ауыстырылып, ол небәрі 2 жылға бас бостандығынан айырылған.
Қазіргі шабуыл фактісі бойынша іс «бұзақылық» бабы бойынша тіркелген. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза – 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Тергеу барысында күдіктінің психикалық жағдайы да тексерілуі мүмкін.