Қорғаныс министрлігінде өткен ведомствоаралық кеңесте әскерге шақыру жүйесін жетілдіру және жұмылдыру әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Негізгі жаңалықтардың бірі – Біріңғай шақырту тізілімін енгізу. Бұл жүйе азаматтарды әскерге шақыру процесін цифрландырып, хабардар ету тиімділігін арттыруға және науқанның ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар әскерге шақырудан жалтарып жүрген азаматтарға қатысты уақытша шектеу шараларын енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
“Аталған шаралар уақытша сипатта болып, тек қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асатын болады”, – делінген ведомство хабарламасында.
Кеңесте мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру және цифрлық шешімдерді енгізу арқылы жұмысты жеделдету мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру үшін сарбаздардың қаржылай қамтамасыз етуін көбейту және әлеуметтік кепілдіктерді күшейту ұсынылды.