Қазақстанда енді азаматтардың банк шоттары қарызы үшін толықтай бұғатталмайды. Оның орнына тек берешек сомасына ғана шектеу қойылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz агенттігі LS-ке сілтеме жасап.
Әділет вице-министрі Бекболат Молдабековтің айтуынша, бұған дейін азаматтардан банк шоттарының толық бұғатталуына қатысты көптеген шағым түскен.
«Егер азаматтың, мысалы, айыппұл бойынша қарызы болса, банк бүкіл шотын бұғаттап тастайтын. Енді бұл жүйе жетілдіріліп жатыр. Жеке сот орындаушысы тек қарыз сомасына ғана шектеу қояды. Шот толық бұғатталмайды. Қазіргі уақытта бұл тетік банктермен бірлесіп іске асырылып жатыр», – деді вице-министр.
Жаңа тәртіп жақын уақытта іске қосылады деп болжанып отыр. Бұл мәселеге қатысты талқылау 2023 жылдан бері жүргізіліп келеді.
Айта кетейік, бұған дейін салық бойынша берешек 86,5 мың теңгеден асқан жағдайда шотты бұғаттау қарастырылған болатын.