homepage
Depositphotos.com

Атырау облысында құм бетінде шашылып жатқан адам сүйектері табылды

23.04.2026, 15:51

Атырау облысының Жылыой ауданында, Ескі Қаратон аумағындағы ескі қорымнан адам сүйектері табылды,  деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл туралы әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаларда айтылып, онда сүйектердің құмның жылжуы салдарынан жер бетіне шығып қалғаны көрсетілген.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, бұл жердегі жерлеу орындары ХХ ғасырдың басына тиесілі болуы мүмкін. Қорым аумағында сақталған құлпытастарда араб жазулары мен ескі белгілер кездеседі. Кейбір құлпытастарда 1949, 1950 және 1965 жылдар көрсетілген. Жазбаларға қарағанда, жерленгендердің бір бөлігі Таз руына тиесілі болуы ықтимал.

Мамандардың болжамынша, табиғи факторлар, әсіресе құмның жылжуы уақыт өте келе қабірлердің ашылып қалуына себеп болған. Соның салдарынан сүйек қалдықтары қорым аумағында шашылып жатыр.

Аталған қорым Теңіз кен орнына жақын маңдағы вахталық кентке іргелес орналасқан. Бұл жағдай жергілікті тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызып отыр.

Әлеуметтік желі қолданушылары мен тұрғындар сүйектерді қайта жерлеу, сондай-ақ қорым аумағын ретке келтіру қажеттігін айтып жатыр. Сонымен қатар өңірдің басқа аумақтарында да осындай жағдайлар кездесетіні, атап айтқанда Жұлдыз-2 ауданында да ұқсас деректер тіркелгені айтылуда.

Қазірше бұл жағдайға қатысты ресми органдар тарапынан нақты түсініктеме берілген жоқ.