Ұлттық қауіпсіздік комитеті терроризмді насихаттағаны және басқа да қылмыстары үшін қамауға алған екі қазақстандыққа қатысты сот процестері аяқталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ӨЗІ ДЕ СОҒЫСҚА ҚАТЫСПАҚ БОЛҒАН
«Солардың бірі – Тараз тұрғыны, айналасындағыларды шетелдегі лаңкестер қатарында соғыс әрекеттеріне қатысуға шақырып, сонымен қатар өзі де оларға қосылуды жоспарлаған», - делінген ҰҚК хабарламасында.
Тараз қалалық сотының шешімімен ол терроризмді насихаттағаны (ҚК-нің 256-бабы), діни араздықты қоздырғаны үшін (ҚК-нің 174-бабы) кінәлі деп танылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
БҰРЫН ДА БІРНЕШЕ СОТТЫ БОЛҒАН
«Тағы бірі – Алматы тұрғыны, жалпы қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған, ғаламтор желісінде радикалды идеологияны насихаттаған», - делінген хабарламада.
Алматы қалалық сотының шешімімен ол терроризмді насихаттағаны (ҚК-нің 256-бабы), есірткіні заңсыз пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 296-бабы) кінәлі деп танылып, 7 жыл 1 айға бас бостандығынан айырылды.
Ата кетсек, 2024 жылдың басынан бері террористік және экстремистік әрекеттері үшін 84 адам сотталған.