homepage
Depositphotos.com

Өскемендегі сарбаз өлімі: командирлер ісі сотқа жолданды

23.04.2026, 15:24

Бас әскери прокуратура Өскемен гарнизонында қаза болған сарбаз Қ. Оспановтың өліміне қатысты қылмыстық істі аяқтап, сотқа жолдады. Іс батальон және взвод командирлеріне қатысты қозғалған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомство мәліметінше, тергеу барысында әскери бөлімдегі лауазымды тұлғалардың бірнеше рет жарғыға қайшы әрекеттерге барғаны белгілі болды.

Қаза болған сарбазға және оның тағы алты әріптесіне психологиялық қысым көрсетілген.

Сонымен қатар взвод командирінің қару-жарақ сақтау талаптарын тиісті деңгейде бақыламағаны және қызметтік міндеттерін дұрыс орындамағаны анықталған.

Аталған іс бойынша билікті асыра пайдалану және қызметке салғырт қарау деректері бойынша бірнеше эпизод тіркеліп, материалдар сотқа жіберілді.

Оқиғаға байланысты бірқатар кадрлық шешімдер де қабылданды:

  • әскери бөлім командирі мен оның екі орынбасары қызметтен босатылды;
  • 9 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Бас әскери прокуратура мұндай істердің толық әрі объективті тергелуін қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.