Қазақстанда зейнетақы активтерінің табыстылығы соңғы айларда біршама төмендеген. Алайда бұл шығын емес, теңгенің нығаюына байланысты уақытша құбылыс. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Алия Молдабекова мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің шамамен 40 пайызы шетел валютасында сақталады. Бұл – тәуекелдерді азайту үшін жасалатын қалыпты тәжірибе.
Биыл жыл басынан бері теңге долларға шаққанда шамамен 5,5 пайызға нығайған. Соның әсерінен валюталық активтердің теңгемен есептелген құны төмендеп, наурыз айында инвестициялық табыс шамамен 240 млрд теңгеге азайған.
Сонымен бірге Ұлттық банк өкілі зейнетақы қорында нақты шығын жоқ екенін атап өтті. Жыл басынан бері инвестициялық табыс 172 млрд теңгеден асқан, ал соңғы бір жылда бұл көрсеткіш шамамен 2,5 трлн теңгеге жеткен.
Мамандардың айтуынша, зейнетақы жинақтарының тиімділігін қысқа мерзіммен бағалау дұрыс емес. Өйткені ол – ұзақ мерзімге арналған қаржы.
«Зейнетақы активтерінің табыстылығын апта немесе аймен емес, ұзақ мерзімде қарастыру қажет», – деді Алия Молдабекова.
Осылайша, валюта бағамындағы өзгерістер қысқа мерзімде көрсеткіштерге әсер еткенімен, жалпы алғанда зейнетақы жинақтарының динамикасы тұрақты әрі оң күйінде қалып отыр.