homepage
фото: ашық дереккөзден

Бүгін - Ұлттық кітап және кітапханашылар күні

23.04.2026, 12:33

Бүгін, 23 сәуір – Ұлттық кітап күні. Және биылдан бастап бұл күні кәсіби кітапханашылар да өз мерекесін атап өтеді. Биыл Қазақстанда Кітапханашылар күнін атап өту тәртібіне өзгеріс енгізілген болатын деп хабарлайды, Juzmedia.kz. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген бұл дата елімізде биыл екінші жыл қатарынан аталып өтіп жатыр. 

«Кітапқұмарлық – өте жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз де осы тәжірибені қолдануымыз керек. Ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз қажет. Сонда ғана жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», – деген еді президент 2023 жылғы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында. 

Қазіргі таңда Қазақстанда 12 мыңға жуық кітапхана жұмыс істейді. Бұл салада 20 мыңнан астам маман еңбек етеді. 

Әлем жұртшылығы да кітап күнін тойлайды. ЮНЕСКО бастамасымен 23 сәуір Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде ресми түрде белгіленген. Күннің дәл осы датаға бекітілуі де кездейсоқ емес. 1616 жылдың 23 сәуірінде әлем әдебиетінің ұлы өкілдері – Уильям Шекспир, Мигель де Сервантес және Инка Гарсиласо де ла Вега өмірден озды. 

Қазір елімізде 250-дей баспа және баспа ісімен айналысатын ұйым бар. Кітап палатасының дерегіне сәйкес, жарыққа шығатын кітап саны ұлғайып келеді.

  • 2021 жылы – 5917;
  • 2022 жылы – 4044;
  • 2023 жылы – 4012;
  • 2024 жылы – 5620;
  • 2025 жылы – 6206 кітап басып шығарылған. 

Халықаралық баспагерлер қауымдас­­тығының мәліметі бойынша, әлемде кі­тап  шығару ең табысты бизнестің бірі саналады. Тіпті, киноиндустриядан келетін пайдадан да артық.