Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде болған жарылысқа байланысты тергеу жалғасып жатыр. Бұл туралы облыстық прокуратура хабарлады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алдын ала мәліметке сәйкес, оқиға өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуынан туындап, салдарынан адам өліміне әкелген.
“20 сәуір күні арнайы прокурорлар автогаз құю станциясының директорын және газ баллондарын жеткізушіні ұстады. Тергеу нұсқасы бойынша, олар баллондарды толтыру және тасымалдау кезінде заң талаптарын сақтамаған”, – делінген прокуратура хабарламасында.
Аталған іс ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы 3-бөлігімен сараланған. Бұл бап бойынша кінәлілерге 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Қазіргі таңда күдіктілердің бірі қамауға алынса, екіншісі үйқамаққа алынған. Тергеу жалғасуда, түпкілікті шешімді сот шығарады.
Оқиғаның мән-жайы
Щучинскідегі «Центр плова» кафесінде жарылыс 2026 жылғы 26 ақпан кешінде болды.
Алғашында 7 адамның қаза тапқаны хабарланды. Кейін зардап шеккендердің жағдайы ауыр болып, қайтыс болғандар саны 12 адамға жетті.
Барлығы 28 адам зардап шеккен, олардың арасында кәмелетке толмаған бала да бар.
Жарылыстан кейін полиция қылмыстық іс қозғап, мекеме иесін ұстап, тергеу басталған. Сонымен қатар оқиғаны тергеп-тексеру үшін комиссия құрылды.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетілетіні хабарланды.
Оқиға салдарынан өңірде қоғамдық тамақтану орындарындағы газ баллондарын тексеру күшейтілді.